Салем Админжан!Қазақстан Республикасының 25жыл тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!
«Шыдасаңызшы, еркек емессіз бе?»
Отбасылық өмірдің ең алғашқы кезеңдерінде сынаққа тап болған ерлі-зайыптылардың мына оқиғасы кім-кімді де тәубесіне келтіреді деп ойлаймыз. Алла Елшісі: «Бұл дүние өткінші, ал мұндағы ең үлкен нығмет – әйел» деген екен. (Муслим). Дүниедегі ең үлкен нығметке ие болып, әйеліне разы болған ер азаматтың әңгімесін оқи отырыңыз.
«Мен бұл қызға тақуалығы үшін үйлендім. Себебі, оны жақын танымайтынмын, екеуміз алдын-ала кездесіп жүрген де жоқпыз. Менің материалдық жағдайымның төмендігін ескеркен қыздың әке-шешесі қарсылық білдірді. Алайда, Алланың қалауымен, ештеңеге қарамастан некемізді қидырдық. Басымда баспанам жоқ болғандықтан, пәтер жалдауға тура келді. Аз уақыттан кейін үйдегі шағын азық-түлік таусыла бастады. Бір себептермен жұмыссыз жүрген кезім еді, үйдегі жағдай үшін әйелімнен еркек ретінде ұяла бастадым. Күн сайын таңертең үйден шығып кететінмін, бірақ, құр қол оралатынмын. Қалалы жер болғандықтан, ауылдағыдай қарызға да ештеңе ала алмайтының бар. Тіпті, үйге кіруге қатты ұялатын жағдайға жеттім. Сенесіз бе, үйде таңнан кешке дейін аш отырған әйелім мені қандай жағдайда да күлімсіреп қарсы алатын. Мұңайған жүзіме қарап: «Ештеңе етпес, Алла Тағала бір қиындықтың артынан жеңілдік орнатып қойған» деп айтқанда қалай тойғанымды білмей қалушы едім. Жаным рақаттанып, әйеліме деген махаббатым артқан үстіне арта берді. Іштей: «Расымен де, мен қателеспеппін ғой, Алла маған нағыз діндар әйелді бұйырыпты» деп шүкіршілік айтатын болдым.
Сынақ мұнымен бітпеді. Бірнеше күннен кейін қолымызда судан басқа ешбір азық қалмады. Амалым қалмай, көршінің үйіне барып, нан сұрап әкелуге мәжбүр болдым. Нан мен суды ғана қорек етумен бірнеше күнді де өткіздік. Бір-бірімізді әлі де жақсы танымаймыз. Екеумізді жақындастырған – бір Алланың діні ғана, екеуміздің де іздегеніміз – Алла разылығы еді. Осылайша, бір нанды екі күнге жеткізетін болдық. Айналамыздағы барлық көршілерден көмек сұрап қойғандықтан, енді біреуге баруға намысым жібермеді. Таңертең көзімді ашсам, асқазаным тамақ сұрауда екен. Арғы бөлмеде жүрген әйелім есіме түсті де, кірерге тесік таппадым. Ойыма келген алғашқы ой: «Бүгін кімнен нан сұрап беремін?». Төсегімнен тұрғым келер емес. Ешбір жол, ешбір сәуле көрінбейді, барлық нұсқаны қарастырып қойған секілдімін, жұмыс іздемеген жерім қалмады. Қазір әйелім келіп: «Жағдайымыз неге сонша нашарлап кетті? Мен өмірімде бұлай ашығып көрмедім. Осылай жалғаса бере ме?» десе, мен оған талақ беруге дайын едім. «Кешір мені, сені аш жүргізуге қақым жоқ, қаласаң, өзіңді босатайын» деп айтуға оқталдым. Ақыры ішімнен өксіп жылай бастадым.
Алайда, әйелім мен күтпеген сөздерді айтты. Ол жылап жатқан сәтімде, жаныма келіп, иығыма қолын қойды да: «Сабыр қылмайсыз ба, ей мұсылман!? Шыдасаңызшы, еркек емессіз бе?»,-деп айтты. Сонан кейін жалғастырып: «Сіз неге қайғырасыз? Біз кімбіз? Сіз білесіз бе, адамдардың ардақтысы, Алланың сүйікті құлы болған Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйінде бірнеше ай бойы от жағылмай қалатын. Ол таңертең Аиша анамыздан үйде азық-түліктің жоқтығын естігенде: «Ораза ұстай саламын» деп айтушы еді. Сіз екеуміз олардың жанында кімбіз? Сабыр қылайық! Алла Тағала бір несібесін дайындап тұрған шығар» деп сөзін аяқтады. Орнымнан тұрдым да, әйелімді құшақтадым. Сонан кейін намаз оқыдым да, сәждеге бас қойып, Аллаға үлкен нығметі, тақуа жарым үшін сансыз шүкірліктер айттым. Намазым біткенде әйелім қолына бір шыны су алып: «Су ішіңіз, мұнша аш жүруге болмайды, асқазанға зиян келуі мүмкін» деп айтты. Әлгі суды ішкенде бойымда бір күш-қуат, сенімділік пайда болғандай сезіндім. Үйден шығып, базарға қарай жол тарттым. Тағы да жұмыс сұрамаған адам қалмады. Ақыры шаршап, бұрыштағы етікші қарттың жанына барып отырдым. Жүзі жылы қариямен шүйіркелесіп, жағдайымды түсіндіріп, жұмыс сұрадым. Ол көмектесе алмайтындығын жеткізді. Солай отырғанымызда жанымызға бір әйел келді. Етікшінің қызы екен. Сөмкесінен кілт шығарды да: «Әке, біз шетелге демалысқа кетіп барамыз, үйге қарайласып тұрарсың» деп, асығыс жүріп кетті. Алланың құдіреті ғой! Шал қыздың соңынан: «Әй, балам, мына жігіт қиналыңқырап жүр екен, кілтті осыған берсем қалай болады? Сендер келгенше үйде қалсын» деді. Қыз бастапқыда таңырқағандығымен, соңында шалға сенетіндігін айтып, келісім берді. Ешбір қаражат төлеместен, барлық заттарды пайдалануға рұқсат берді. Азық-түліктер молынан қалып бара жатқандықтан, оны да бізге тапсырды. Алланың мейірімі мен рақымында шек жоқ! Сене алар емеспін! Алла жүректердің Иесі деген осы ғой! Мүлде бейтаныс адамның жүрегін бұрып қойды!
Әйелімді ертіп жаңа үйге бардым. Ондай бақуатты өмірді бұрын-соңды көрмегендіктен, көктен түскендей болып жүрдік. Қаншама қиындықтың соңынан осындай рақат өмірді нәсіп еткен Аллаға мақтау-мадақ айтумен болдық. Көп ұзамай жұмыс та таптым. Шағын көлік алып, нан табуға жарайтын өз бизнесімді бастадым. Осылайша жағдайымыз жақсара бастағанда тағы да бір сынақ басталды.
Алланың қалауымен әйелім бала көтерді. Бәрі жақсы еді, екеуміз қуаныштан бал-бұл жанып жүрдік. Бірнеше айдан кейін дәрігерге барғанымызда жан шошырлық хабарды естідік. Дәрігерлер баланың мүгедек екендігін айтып, алдыртып тастауға үгіттеді. Оның адам болмайтындығын, үлкейгенде ананың денсаулығына зиян келтіретінін естігенде өзім де үрейлене бастадым. УДЗ нәтижесінде, бас сүйегі жоқ баланың суретін қолымызға ұстадық. Бірнеше УДЗ-ға түскеннен кейін, пәтуа беретін адамдарға жүгіндік. Білім иелері аборт жасатуға, дүниеге келмеген баланың жанын алуға болмайтындығын айтты. Алланың жан бергеніне зұлымдық жасаудың қаншалықты күнә екендігін өзіміз де түсіндік.
Әйелім бұл сынақта да маған демеу болды. Менің көңіл-күйімнің түсіп кеткеніне қарап: «Мен Алла Тағала қандай бала берсе де шын ризамын! Оның екі аяғы, екі қолы жоқ болса да, мен оны дүниеге әкелемін, шыдамдылық танытамын! Бұл қиыншылыққа төзу, сабырлығым үшін сауап алу оны өлтіргеннен де артығырақ!» деді. Оған деген сүйіспеншілігім онан сайын күшейе түсті. Айлар бойы бір-бірімізге демеу болып, толғақ мерзімі жеткенде ауруханаға алып бардым. Бала өлі туды. Дәрігерлер бас сүйегі жоқ баланы маған көрсеткенде, тәубеме келдім. Аз уақыттан кейін өзімізге келе бастағанда үшінші бір сынақ басталды.
«Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деуші еді. Енді арамызға әке-шешеміз араласа бастады. Менің ата-анам: «Біздің тұқымымызда мұндай бәлекет жоқ еді, сенің әйелің осы баланы ауру қылған» деген сынды ойға сыймайтын айыптар тақты. Оларды жеңдік дегенде, қыздың әке-шешесі кірісті. «Айтқанымызды тыңдамай, кедей жігітке тұрмысқа шығып едің, енді күніңді көре алмай жүрсің. Күйеу бала да көмек қолын созайын деп бір тиын берген емес» деген ата-енем қыздарын алып кетпек болып үйге келді. Бұл жолы да әйелім: «Алла Тағала өзіне құлшылық жасаудан кейін, ата-ананы сыйлауды бұйырған, несіне уайымдайсыз? Бәрі де Алланың қолында емес пе? Қазір жағдайымыз жаман емес. Оларға шариғат бойынша барлық жақсылықты жасап, сый-құрмет көрсетейік» деп демеу білдірді. Осылайша, екеуміз оларды ең жақсы сөздермен сыйлап, барымызды алдарына қойып, жылы төсекпен қамтамасыз еттік. Ол анасының аяғын уқаласа, мен әкесіне қамқорлық таныттым. Олар ауыздарына бірде-бір жаман сөз алған жоқ, ризашылықтарын жеткізіп, ауылдарына қайтты.
Үнемі біз туралы өсек айтатын басқа перзенттеріне: «Сендер сол күйеу баламыз секілді болыңдаршы. Біз олардың үйінен шипажайда демалғандай болып қайттық» деген екен. Сонан бері екеуміз кез келген сынаққа бірге қарсы тұрып, бір-бірімізге сүйеу, қорған болып келе жатырмыз».
Мінеки, бүгінгі біздің қоғамдағы ажырасу жағдайларының көпшілігіне осы үш жағдай себеп болып отыр: тұрмыстағы қаржы жетіспеушілігі, бала мәселесі және өзгелердің ерлі-зайыптылар арасына түсуі. Бұл – өмірде болған оқиға. Яғни, отбасылық өмірдегі қиыншылықтарға төтеп беруге тірі адамның шамасы жетеді. Алла адам шамасы жетпейтін сынақ берген емес және сынаққа сабыр қылғанға сый бар. Ол үшін ер мен әйелге иман, тақуалық және бір-бірін Алла разылығы үшін жақсы көру сезімі ауадай қажет. Мұндай адамдарға таусылған сары май мен қант, өзгенің өсегі немесе тағдырдың сынақтары кедергі бола алмайды. Алламен қарым-қатынасы түзу болған адамның, басқалармен де қарым-қатынасы қашанда оң болмақ.